2024 жылдың 31 шілдесінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасын запастағы сержанттар курсын бітірген студенттер әскери ант қабылдады.
Сержанттарды дайындау циклін биыл бірінші рет 180 студент төмендегі мамандықтар бойынша бітіріп шықты: бөлімше командирі – жауынгерлік машинаның командирі; атқыштар бөлімшесінің командирі; (әскери) барлау бөлімшесінің командирі; (арнайы мақсаттағы) барлау бөлімшесінің командирі.
Салтанатты шараны генерал-майор Еділ Лұқпанұлы Оразов ашып, түлектерді осынау айтулы күнмен құттықтады. Ол өз сөзінде әскери кафедраны бітірудің маңыздылығын атап өтіп, үлкен өмірге аяқ басып отырған болашақ сержанттарға ақ жол тіледі.
Жас түлектер өз кезектерінде Отанға адал қымзет атқарып, оның мүддесін қорғауға әрдайым сақдай-сай болуға салтанатты түрде ант берді.
Әскери ант қабылдау рәсімінің екінші бөлімі түлектердің әр саладағы шеберліктерін көрсететін қызықты шоуға айналды. Студенттер қолма-қол айқастың үлгілерін паш етіп, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, өз өнерлерімен көпшіліктің ризашылығына бөленді
Ұзақ және қарқынды дайындықтың арқасында түлектер әскери білімдерін шыңдаумен қатар шынайы патриоттарға айналды. Олардың оқу-жаттығулардағы және әскери өнерді игерудегі жетістіктері соның айқын дәлелі екені анық.
Салтанатты шараның барысында оқу үздіктері мен олардың ата-аналарына мақтау грамоталары және алғыс хаттар табыс етілді.
Айбек Досан,
ЕҰУ әскери кафедрасының студенті