Қазіргі қазақстандық қоғамның өзекті мәселелерінің бірі аутоагрессивтік мінез-құлық пен суицид проблемасы болып табылады. Бұл проблема ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің арасында өзекті болып отыр.
2023 жылдың 31 қаңтарында «Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ Әлеуметтік ғылымдар факультетінің Психология кафедрасының базасында аутодеструктивті мінез-құлықты диагностикалау және алдын алу мәселелері бойынша «Өмірді бағалай біл!» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Психология кафедрасының, университеттің Әскери кафедрасының, Дін проблемаларын зерттеу орталығы теология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, Астана қаласының психикалық денсаулық медорталығының психиатр-дәрігерлері, күштік құрылымдарының психологтары, әскери-дәрігерлік комиссияның қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің штаттық және штаттан тыс психологиялары қатысты.
Барлық баяндамалардың тақырыбы қызықты және өзекті болды, оның барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушылар өзара қызу пікір алмасты.
Психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Сақтағанқызы Мамбеталинаның қоғамдағы және күш құрылымдарындағы соңғы бес жылдағы суицидтің алдын алу жөніндегі істердің жай-күйін талдаған баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Баяндама авторы онда қызметтің осы бағытына жауапты мамандар үшін аталған құбылыстың алдын алудың нақты шаралары мен әдістері ұсынады.
Біздің университеттің психология кафедрасының профессоры, Оңтүстік Африка Республикасынан келген Кехинде Клемент Лоуренс өзінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ол осы мәселе бойынша өз еліндегі және біздегі жағдайды салыстырып, сонымен бірге аталған проблемаға қатысты ортақ заңдылықтарды да атап көрсетті.
Қорыта айтқанда мұндай кездесулер жас мамандар үшін үлкен білім мен тәжірибе береді, күнделікті іс-әрекетте туындайтын әртүрлі жағдайларда дұрыс шешімдерді ұсынады.
Марат Қоғабаев, әскери кафедраның доценті