Жұлдызсыз батырлар жүр арамызда

Осыдан тура отыз төрт жыл бұрын Хайратон мен Термездің арасын бөліп тұрған Достық көпірі арқылы Ауғанстан жерін Кеңес одағының соңғы солдаты тастап шықты. Он жылға созылған жат жердегі соғыс аяқталды. Осы уақыт ішінде Кеңес әскері 15 мыңнан астам жауынгерінен айырылды, 53 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алды.        

         Осы оқиғаға байланысты Еуразия университінің ғылыми кітапханасында Ауғанстанда әскери борыштарын абыроймен атқарған бір топ ардагерлер студенттер алдында Ерлік сабағын өткізді. Оны ұйымдаструға осы мекеменің директоры, өзі де ауған соғысының ардагері Бақытжан Оразалиев ұйытқы болды.

        Ерекше сабақты запастағы полковник, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері,  Ербол Смағұлов бастады. Ол өз сөзін сол кезде қалыптасқан саяи хал-ахуалдан бастап, кеңес әскерлерінің Ауғанстан жеріне қалай және қандай жағдайда жіберілгенін баян етті.

         Жалпы Қазақстаннан 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанға 21 мыңнан астам адам интернационалистік борышын өтеуге жіберіліпті. Оның ішінде 947 боздақ қаза тауып, 1770 адам жарақат алған.

        Е.Смағұлов кездесу барысында аты аңызға айналған «Қара майор», Халық Қаһарманы Борис Керімбаев, Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының батыры, ұшқыш Николай Майданов және де басқа даңқты жерлестеріміз жайлы естеліктерімен бөлісті.

        Ербол Смағұловтың өзі құрметті демалысқа шыққанымен әлі күнге әскери сапта. Қазір Еуразия унверситеті әскери кафедрасында болашақ офицерлерді даярлауға ат салысуда.

       Содан кейін сөз алған белгілі алаштанушы, ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы  өзінің оң-солын танымай жатып он сегіз жасында қалай Ауғанстаннан бір-ақ шыққаннын баяндап берді. Алғашқы кезде адам шығынының көп болу себебі кеңес әскерінің қолбасшылығы ауған жерінде Екінші дүние жүзілік соғыстағы ұрыс жүргізудің ескірген  тактикасын қолданды, ал бұл уақытта мұнда нағыз партизан соғысы жүріп жатқан болатын, деді тарихшы. 

        Сондай-ақ, ол Алашорда үкіметінің 1918 жылы қазақ атты әскерін, яғни ұлттық қарулы күштерін құру туралы жарлық шығарып, оның қолбасшысы етіп Бірінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, кәсіби әскери маман, артиллерия офицері Хамит Тоқтамысовты тағайындағаны жайлы қызықты мәліметтерді жария етті.

        Ерлік сабағына Еуразия университетінің студенттері, оның ішінде қазір әскери кафедрада дәріс алып жүргенжастар, яғни болашақ запастағы офицерлер қатысты. Олардың әрқайсысы осы кездесуден өзіне қажетті тарихи тағылым алды деген үміттеміз.      

                                                                                                                                                                           Ә.Смайылов