Халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай іс-шаралар еліміз бойынша кеңінен аталып өтілуде. Кеше ғана еліміздің Ұлттық музейінде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында Қостанай облысы музейлерінің қорынан «Халық батыры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Сондай-ақ Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік филармониясында «Дала дауылпазы» атты концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Бүгін Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасында Амангелді Имановтың мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған батырдың немересі – техника ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Батырлан Амангелдиев, Еуразия ұлттық университеті Ардагерлер кеңесінің төрайымы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Күлзира Ысқақова, әскери кафедра басшысы, генерал-майор Еділ Оразов және басқалар қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Амангелді Имановтың өмірі мен тарихи тұлғасына қатысты ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
«Осындай игілікті шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол. Жастарға Амангелді Иманов сияқты ұлы тұлға туралы жиі айтып отыруымыз керек. Батырдың 150 жылдық мерейтойының қоғам болып Жаңа Қазақстанды құруға кіріскен кезбен тұспа тұс келуі де терең символдық мәнге ие. Сәуір айының 27-де әскери кафедра базасында «Елбастап, ту көтерген Амангелді батыр – жастар жүрегінде» атты әскери-патриоттық іс-шараға дайындық қазір қызу жүріп жатыр. Бәріңізді сол шараның құрметті қонағы болуға шақырамын. Халық батырының бейнесі алдағы уақытта да жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет ете бермек. Соны насихаттау біздің парызымыз»,- деді генерал-майор Е.Оразов өз сөзінде.
Батырдың ұрпағы Батырлан Рамазанұлы батыр бабасы жайлы көпшілікке беймәлім мәліметтермен бөлісті. Мәселен, Амангелді Имановтың сауаттты, көзі ашық адам болғанын және өз қолымен жазылған естеліктер жазып қалдырғанын айтты. Қолжазба ұзақ уақыт батырдың кенже ұлы Шәріптің үйінде сақталып, кезінде оған Ғылым Академиясының сараптама жасағанын, кейін Орталық музейге табыс етілгенін баяндады.
Іс-шараны қорытындылай келе әскери кфедра басшысы, генерал-майор Еділ Оразов батырдың тарихи тұлғасын зерттеу жалғаса беретінін, уақыт өте басқа да архивтік құжаттардың жарыққа шығуы мүмкін екендігін айтты.
Абубакир Смайлов, запастағы подполковник,
әскери кафедра оқытушысы