Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасыда Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында сол қос мерекеге арналған салтанатты шара болып өтті.
Оған басқарма мүшесі — академиялық мәселелер жөніндегі проректор Серік Мақыш, әскери кафедра басшысысы генерал-майор Еділ Оразов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері запастағы генерал-майор Әлихан Жарболов, әскери кафедраның тұңғыш басшысы запастағы 1-ші дәрежелі капитан Сансызбай Байғазин, басқа да құрметті қонақтар, оқытушылық-профессорлық құрамы мен студенттер қатысты.
Салтанаты шараны ашқан генерал-майор Еділ Оразов өз сөзінде былай деді:
— Бірер күннен соң көпұлтты халқымызбен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 31-жылдығы мен Ұлы Жеңістің 78 жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Отан қорғаушылар күнінің Жеңіс күні қарсаңында аталып өтуі тегін емес. Жылдар өткен сайын, аға буын батырларымыздың жасаған ерліктері биіктей бермек. Біз жеңімпаз ата-бабаларымызды мақтан тұтамыз. Олардың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен қаһармандығы жастарымызға мәңгі үлгі-өнеге.
Отанды қорғау әр уақытта әр азаматтың негізгі мұраты мен қасиетті парызы болып саналған. Сондықтан да батыр бабаларымыз жау шапқыншылығына қарсы талай рет тойтарыс бере білді.
Екінщі дүниежүзілік соғыс елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауынгерлік дайындығы мықты Қарулы Күштер қажет екенін дәлелдеп берді. Қазірдің өзінде әлемнің әр жерінде орын алып тұрған әскери қақтығыстар да соны көрсетеді.
Өткен жылдар ішінде біздің әскеріміз ел тәуелсіздігінің берік тірегі болып қалыптасты. Әрине, ол оңай болған жоқ, әскери құрылыс барысында күрделі кезеңдер де болды. Бірақ соның бәрін еліміз есңсере білді. Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің құрылуына үлкен үлестерін қосқан бір топ құрметті ардагерлер арамызда отыр. Осы азаматтарға ерен еңбектір үшін зор алғыс айтамыз! Сонымен қатар бүгінгі салтанатқа арнайы келген университет Басқармасының мүшесі, проректор Серік Биханұлы Мақыш мырзаға алғысымызды білдіргім келеді. Университет басшылығы әскери кафедраға үнемі көңіл бөліп, студенттердің әскери дайындығын ешқашан назардан шығарған емес. Осындай қолдау көрсетудің арқасында ЕҰУ әскери кафедрасының түлектері Қарулы Күштердің және басқа әскери құрылымдар қатарында офицерлік лауазымдарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.
Бүгінгі күні кафедраның оқытушылық-профессорлық құрамы жасампаз дәстүрді алға жалғастырып, әскери мамандықтың әр саласы бойынша жоғары интеллектуалдық және кәсіби деңгейде дәріс беруде. Баршаңызды келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңістің 78 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Содан кейін сөз алған ЕҰУ-нің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері запастағы генерал-майор Әлихан Жарболов салтанатты жиынға қатысушыларды қатар келген қос мерекемен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Содан соң әскери кафедраның оқытушылық-профессорлық құрамы мен студенттері салтанатты шерумен сап түзеп өтті.
Бір топ үздік оқытушылар мен студенттерге ЕҰУ ректоры мен Әскери кафедра басшысының атынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Жиын соңында «Самұрық» ән-би ансамблінің өкілдері бірнеше өнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Әскери кафедраның арнайы пәндер циклінің оқытушысы
отставкадағы майор Шампикова Г.Х.