ЕҰУ әскери кафедрасының қабырғасында білім алып жатқан болашақ әскери журналистер республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында болды. «Әскери журналистиканың теориясы мен практикасы» пәнінің оқу бағдарламасына сәйкес олар республикалық газеттің тыныс-тіршілігімен етене танысты.
«Егемен Қазақстан» РГ ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов студенттерді құшақ жая қарсы алып, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы жайлы мазмұнды әңгіме айтып берді. Сонымен қатар, ол қазір қалам ұстаған қауымға, әсіресе әскери журналистерге қойылар талап пен міндеттің жүгі ауырлай түскенін айтты.
Бұдан соң сөз алған басылымның бас редакторы Ғабит Мүсіреп пен бас редактордың орынбасары Талғат Батырхан өздерінің әскери тақырыпқа жазылған материалдарының кейбір кейіпкерлері туралы баяндап, қызықты фактілерді еске алысты.
Бөлім меңгерушісі Бану Әділжан ай сайын газеттің «Айбын» атты әскери-патриоттық бетінің шығып тұратынын айтып, болашақ әскери журналистерді шығармашылық ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Газеттің интернет-редакциясының жетекшісі Қуат Әуесбай өз кезегінде заман талабына сай ақпаратты оқырманға жедел жеткізуге тырысып жатқанын айта келіп, студенттерді басылымның ішкі құрылымымен түгелдей таныстырып шықты.
«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дейді халық даналығы. Олай болса аудиторияда алған теориялық білімдерін бүгін практика жүзінде пысықтаған студенттердің есінде бұл кездесудің ұзаққа сақталары анық.
Дана Турсумбаева
әскери кафедраның окытушысы, отставкадағы майор