«Қазақстан әскери тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми–тәжірибелік конференция

2023 жылдың 29 қарашасында ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде «Қазақстан әскери тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған әскери тарихты зерттеуші отандық және шетелдік ғалымдар, еліміздегі жоғары оқу орындары әскери кафедраларының оқытушылары, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, студенттер мен жастар қатысты.

Конференция жұмысы барысында келесі бағыттар бойынша баяндамалар жасалды:
1.Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі (Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.К.Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы қарсаңында).
2.Қарулы Күштердің жауынгерлік дәстүрлері негізінде жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу.
3. Ұлы Даланың әскери тарихын заманауи зерттеу тәжірибесі (Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама: 1723-1727 жж.).
4.Қазақ хандығының әскери ұйымын зерттеу мәселелері (Орбұлақ шайқасының 380 жылдығы негізінде).
5.Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы (XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт – азаттық көтерілістер.)
6. Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашизмге қарсы ортақ жеңіске Қазақстанның қосқан үлесін зерттеудің өзекті мәселелері.
Сонымен қатар, «Әскери-тарихи оқиғаларды суреттеудегі әскери журналистиканың орны мен рөлі» деген тақырыпта ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайылов баяндама жасады. Онда әскери журналистиканың пайда болуынан бастап бүгінгі заманға дейінгі даму үдерістеріне талдау жасалып, қазақ әскери журналистикасының бүгінгі сипатына баға берілді. Баяндамашы сөзін қорытындылай келе мылтықсыз майданның жауынгерлерін жүйелі түрде дайындауды қолға алу керек деген ұсыныс айтты. «Қазіргі таңда олар тек Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында ғана запастағы офицерлер ретінде оқытылады. Бұл жеткіліксіз. Оларды еліміздің жоғары әскери оқу орындарында тұрақты түрде дайындауға мән берген жөн. Сондай-ақ, қазақ әскери журналистикасының даму тарихы ғылыми тұрғыдан зерттеуді талап етеді. Осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстан тұсында бір ғана кандидаттық диссертация қорғалыпты. Демек, бізге осы бағытта да ойлану керек»,- деді конференцияға қатысқан әскери кафедра өкілі.
Конференция аясында қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, тарихшылардың, әскери мамандар мен зерттеушілердің 50-ден астам ғылыми еңбектері жинақталды.

 

 

 

 

 

 

 

запастағы полковник Марат Қоғабаев,
ЕҰУ әскери кафедрасының аға оқытушысы