2024 жылдың 30 қаңтарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында әскери журналистика мамандығына оқып жатқан 223 оқу взводының студенттері жергілікті қақтығыстардың ардагері, запастағы полковник Жанарбек Мадединовпен кездесті. Кездесу әскери тарих пәні бойынша кәсіби дайындық аясында ұйымдастырылды.
Жүздесу басталмас бұрын Қазбат бітімгершілік батальоны мен тәжік-ауған шекарасында 1994 жылы ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырханов туралы деректі фильм ұсынылды.
Содан соң полковник Ж.Мадединов болашақ әскери журналистерді аталған аумақтық қақтығыстың тарихымен таныстырып, ТМД-ың ортақ шекарасын қорғаудағы қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері жайлы баяндап берді. Студенттер қонақтың әңгімесін зейін қойып, ынтамен тыңдады: «Егер бүгінгі полковник Мадединов мырзамен кездесу болмағанда, мен Раджан Батырхановтың ерлігі туралы ешқашан білмес едім. Кездесуге келгені үшін, Отанға, оны қорғаушыларға деген сүйіспеншілік сезімін оята білгені үшін ризамыз»,– деп студенттер өз ойларымен бөлісті.
«Құрметті студенттер, тәжік-ауған шекарасында қызмет етіп, өз өмірлерін қиған жауынгерлер сіздер сияқты өрімдей жастар еді. Өткен тарихты білу, одан өнеге алу біздің парызымыз. Ал, болашақ әскери журналистер үшін бұл екі есе маңызды. Тоқсаныншы жылдары әскери журналистер тапшы болды. Ол қазіргідей ақпаратты заманында жеткізетін жаңа технологиялар дамымаған уақыт еді. Бүгінде сіздердің терең білім алып, білікті маман болып шығуларыңыз үшін жан-жақты жағдай жасалған. Сондықтан әскери журналистикада бұрын-соңды болмаған биіктерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін», — деді полковник Мадединов сөзінің соңында.
Мәлика Исмағүлова,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әскери кафедрасы
223 оқу взводының студенті