ЕҰУ әскери кафедрасының далалық жиыны басталды

16 шілдеден бастап  Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасының студенттері үшін далалық оқу жиыны басталды. Бір жарым айға созылатын бұл жиын барысында болашақ запастағы офицерлер мен сержанттар екі жыл ішінде алған теориялық білімдерін іс жүзінде пысықтайтын болады.
Астана түбіндегі әскери бөлімнің полигонында олар жауынгерлік дайындық мәселелерін, әсіресе тактикалық дайындықты, әртүрлі қару түрлерінен атыс дайындығы шыңдай түсетін болады.
Жалпы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы жиырма жылдан астам уақыттан бері еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында запастағы әскери қызметшілерді дайындау ісіне сүбелі үлесін қосып келеді. Кафедра түлектерінің көпшілігі қазір Қарулы Күштері қатарында абыроймен қызмет атқарып жүр, біразы жоғары басшылық лауазымдарда және кәсіби біліктілігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Бастапқы кезеңде студенттерді тек екі-ақ бағыт бойынша дайындаса, қазір мұнда барлық әскери-есептік мамандық саны он беске жетіп отыр. Оның ішінде әскердегі өте тапшы — «Әскери журналистика», «Ақпараттық-сараптамалық қызмет» және «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру» сияқты үш мамандық бар. Сонымен қатар, барлауды ұйымдастыру, геоақпараттық, автоматтандырылған жүйедегі офицер мамандарды да даярлап шығарады.
Реті келгенде айта кету керек, биыл тұңғыш рет әскери журналист мамандығы бойынша жеті студент кафедра қабырғасынан түлеп ұшқалы отыр.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген әскери кафедра бастығының орынбасары запастағы полковник Нұрлан Мәмбетов профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттерге табыс тілей отырып, олардың алдында тұрған міндеттерді нақтылады.


Далалық оқу жыиына төрт жүзден астам студент қатысуда. Олардың басым көпшілігі запастағы офицерлер болса, қалғандары запастағы сержантттар.
Жиын соңында студенттер мемлкеттік емтихан тапсырып, одан сәтті өткендері әскери ант қабылдап, университетті тәмамадаған соң мамандығына сай тиісті әскери шенге ие болады.

Мәлика Исмағұлова,
ЕҰУ әскери кафедрасының студенті