Төрт жүзден астам студент запастағы офицерлер қатарын толықтырды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін әскери кафедрасының 400-ден астам түлектері 68665 әскери бөлімінің алаңында 2024 жылдың 21 тамызында салтнатты түрде Әскери ант қабылдады.


Олар осы әскери бөлімнің базасында бір айдан астам уақыт далалық оқу жиынынан өтіп, жиын барысында теориялық білімдерін іс жүзінде бекітті.
Әскери кафедраның түлектеріне университетті бітіргеннен кейін ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «запастағы лейтенант» әскери шені беріледі. Осылайша, студенттер әскери кафедрада оқу арқылы негізгі мамандыққа қосымша екінші (әскери) мамандықты ие блып, болашақта күштік құрылымдарда қызмет жасай алады.
Қазіргі таңда әскери кафедрада оннан астам әскери мамандық бойынша запастағы офицерлерді дайындайды. Студенттерге әскери саладағы тәжірибесі мол запастағы офицерлер құрамы дәріс береді.
Мұнда болашақ офицерлерге білім беруге қажетті оқу-материалдық базасы жасақталған, оның ішінде компьютерлік және интерактивті сыныптар, ұрысты басқару сыныбы, лазерлік ату кешені, сонымен қатар тактикалық алаң, жауынгерлік машиналар паркі мен оқу-жаттығу қару-жарақтары бар.


Сондай-ақ биыл жеті студент «Әскери журналистика» мамандығы бойынша толық оқу бағдармасын тәмамдап шықты. Екі жыл бойы болашақ әскери журналистер жауынгерлік, техникалық және тактикалық дайындықпен қатар, «Әскери ақпарат құралдарының теориясы мен тәжірибесі», «Әскери тарих», «Арнайы үгіт-насихат» т.б. сабақтарды оқыды.
Салтанатты шарада ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы, отставкадағы генерал-майор Еділ Оразов, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев, Қарулы Күштердің ардагерлері мен ата-аналар сөз сөйлеп, түлектерге сәт сапар тіледі.


Түлектер атынан мінбеге көтерілген Нұрболат Бердалы былай деді:
-Бүгін біз үшін ерекше маңызды күн. Екі жылға созылған оқу барысында еліміздің ең үздік оқу орнында біз болашақ офицерлерге қажетті білім алдық. Сосын сол теориялық тұрғыдан алған білімді осы әскери бөлімнің базасында іс жүзінде пысықтап, шыңдадық. Енді міне, салтанатты түрде әскери Ант қабылдап, Отанға әрдайым адал болуға серт беретін сәт те туды.
Қазақ атам «Қазанат аттың баласы аз оттар да көп жусар, Азамат ердің баласы аз ұйықтар көп жортар» дейді. Ендеше кешегі ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырған Атамекенді көздің қарашығындай сақтау біздің азаматтық парызымыз. Офицердің асқақ атына кір келтірмей, сүйікті Отанымыз тәуелсіз Қазақстанды қорғауға және оның жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуге Ант береміз!


Студент Әулиеата Абдулвахид болса өз сезімін өлеңмен өріп, жанынан шығарған «Отанға адалдық анты» атты туындысын оқып берді:

Қажет емес маған мансап, атағың
Бейбіт өмір сүрсе болды Отаным!
Салтанатпен Ант қабылдау — абырой
Толықтырып офицерлер қатарын.

Отан үшін отқа түсіп күймеген,
Кешегі өткен батырлардан үйренем.
Ел басына күн туғанда ешкімге
Опа бермес өз Отанын сүймеген.

Қазақстан менің ата қонысым,
Оны қорғау азаматтық борышым.
Отан деген ата-анам, отбасым,
Қажет болса жаным құрбан сол үшін!

Қажет болса барлығын да тәрк етем,
Алмас қылыш алдаспандай жарқ етем.
Ата-анам мен достарымның алдында
Отанға адал боламын деп Ант етем!

Сол сәтте 400-ден астам студент іле-шала үш дүркін «АНТ ЕТЕМ!!!» ұран салды. Бұл сәт өте әсерлі шықты. Салтанатты шараның соңы офицерлер вальсы мен шағын концертке ұласты.

Отаныма адал ант етем

                                                                                                                                                                             Айбек Досан,
                                                                                                                                  ЕҰУ  әскери кафедрасының түлегі