Жастарға келелі кеңес

Жаңа жылдың алғашқы күнінде Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбаты көпшіліктің зор ынтасы мен қызығушылығын тудырды. Аталған басылымның басшысы, академик Дихан Қамзабекұлымен арада өрбіген келелі әңгімеде еліміздің әрбір азаматын толғандырып жүрген көптеген мәселелер қозғалып, толғағы жеткен сұрақтарға толымды жауаптар берілді.

Ең алдымен ел басшысы 2023 жылдың қорытындыларына тоқталды. Негізгі саяси реформалардың аяқталуға таяу екенін, Конституциялық Соттың өз жұмысын бастағанын, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жаңа ереже бойынша сайланғанын айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына баға беріп, оның негізгі себеп-салдарларын де ашып берді. «Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», — деді.
Қаңтар оқиғасы кезінде сырттан әскер әкелінді деген әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге де осы сұхбатта үлкен нүкте қойылды. Президенттің сөзімен айтсақ «Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді».
Сондай-ақ, сыртқы саясат мәселелеріне, оның ішінде Қазақстанның халықаралық беделді ұйымдармен, Ресей, Қытай сияқты көрші елдермен қарым-қатынасына терең талдау жасалған.

Мемлекет басшысының болашаққа бағытталған осы сұхбатын еліміздің ертеңі — жастарға, әсіресе студенттерге оқуға кеңес берер едім.

Қасым-Жомарт Кемелұлының келесі сөздері кез келген жасқа ой салуға тиіс: «Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды. Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс».
Болашақтың сипаты, оның ішінде келешек қазақ жастарының келбеті қандай болмақ деген сұраққа да осы сұхбатта жауап беріледі.
«Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз».
Осы салиқалы ойлар мен биік міндеттерді біздің профессорлық-оқытушылар құрамы да үнемі жадында тұтып, басшылыққа алып, сол құндылықтарды күнделікті дәріс барысында студенттердің бойына сіңіре беруге тиіс деп білемін.

 

Генерал-майор Еділ Оразов,
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ
әскери кафедрасының бастығы