Келе жатқан атаулы мереке — Ұлы Жеңістің 74 жылдығы

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Келе жатқан атаулы мереке — Ұлы Жеңістің 74 жылдығын баршамыз көпұлтты халықпен бірге салтанатты түрде қарсы алмақпыз.

Даңқты Жеңіс күні қарсаңында келуінің өзі терең мәнге ие. Біз сол күндерден алыстаған сайын, аға буын өкілдері жасаған ерліктің салмағының арта түсетінін байқаймыз.

1945 жылдың 9 мамыры зұлым күштердің жеңілген сәті ретінде, нағыз әділдік салтанат құрған күн ретінде ел есінде мәңгілікке қалады! Барлық кезеңдерде, соғыс салған ауыр қасірет пен Жеңіс сыйлаған бақыт, халық жадында болмақ.

Біз жеңімпаздар ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз. Ұлы Отан соғысында біздің аталарымыз бен әкелеріміз көрсеткен жанқиярлық ерлік – Отанды қорғау ісінде жастарға үлгі болуы тиіс.

Отанды қорғау — әрқашан да біздің халқымыз үшін қасиетті парыз болып саналған. Жерімізге көз алартқан басқыншыларға тиісті деңгейде тойтарыс бере алған нағыз ерліктің қайнар көзі іспеттес.

Аталған соғыстың қатал тәжірибесі еліміздің әскери қауіпсіздігін сенімді түрде қамтамасыз ету үшін, тиісті деңгейде, ұрысқа қабілетті, Қарулы Күштердің қажетті екендігін көрсетіп отыр. 1992 жылғы 7 мамырда Президент Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өз дамуының ең қиын да күрделі кезеңдерін басынан өткерiп, бүгінгі таңда мемлекетіміздің қауіпсіздігін ойдағыдай қамтамасыз ете алатын дәрежеде.

Өткен 27 жыл ішінде біздің Армиямыз Қазақстан егемендігінің бөлінбейтін құрамдас бөлігіне айналып үлгерді. Әрине, жүріп өткен жол біркелкі тегіс болған жоқ. Қазақстанның барлық көпұлтты халқымен бірге айбынды армиямыз да өзгерістер мен реформаларды басынан кешірді.

Қаншама ауыртпалықтарды басынан өткерген, өздерінің Отан алдындағы анты мен парыздарына адал, погондағы жандар жауынгерлік борышын қашан да барынша таза атқарып келеді.

Аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты дәстүрлерін жалғастыра отырып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасының әскери қызметшілері мен қызметкерлері де өз борыштарын барынша тиянақты атқарып келе жатқандығын атап өткім келеді.

Олар Жеңіс күнін зор қуанышпен қарсы алуда. Әскери кафедраның профессорлық — оқытушылар мен оқу-көмекші құрамдары жоғары идеялық, интеллектуалдық және кәсіби деңгейде әртүрлі әскери мамандықтар бойынша студенттерге білім беруге атсалысып келеді.

Мол әскери және өмірлік тәжірибеге ие болған бұл тұлғалар студентерге, қазіргі кезде маңызды болып саналатын әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне, бір сәт те бей-жай қараған емес.

Атап өтсек, олар — запастағы полковник Мамбетов Нұрлан Тастамбекұлы, подполковник Құсаинов Марат Дастанұлы, запастағы полковниктер Сүлейманов Ақбарәлі Маматұлы, Смағұлов Ербол Қалқаманұлы, Иманбаланов Арман Балтабайұлы, Досмағамбетов Нұрлан Арыстанұлы, Шаймахов Нұрлан Нұрболатұлы, Аяпбергенов Төлеухан Сайлаубекұлы, запастағы подполковниктер Омаров Асхат Амангелдіұлы, Айтқұлов Женя Керімханұлы, Шайкенов Серік Бағдатұлы, майор Тұрсымбаева Дана Хайркенқызы, азаматтық қызметкерлер Буковская Галина Николаевна, Жұмажанова Жұлдыз Нұрмұхамбетқызы тағы да басқалар.

Және де осы сәтті пайдала отырып, әскери кафедра жұмысын үнемі назардан тыс қалдырмай қадағалап отыратын, университет басшылығына әскери кафедра ұжымы атынан алғысымызды білдіргім келеді. Сіздерге, біздің әскери кафедраның оқу материалдық базасының дамуына үздіксіз қолдау білдіргендеріңізге рақметімізді айтамыз.

Қазіргі кезде қорғанысты қамтамасыз ету жүйесін реформалау және еліміздін қауіпсіздігін сақтау бойынша Еуразия ұлттық университетінін әскери кафедрасының түлектері жалпымемлекеттік міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне және басқа да күштік ведомостыларға қызмет өткеру мақсатында жиі шақыртылуда.

Әскери кафедра бітірушілерінің көп бөлігі әскери бөлімдерде қызметін өтеп жүр. Сондай-ақ олар Қорғаныс министрлігі, Бас штаб орталык аппаратында және басқа да күштік құрылымдарда жоғары лауазымдағы өз қызметтерін ойдағыдай атқаруда.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Бүгінгі танда ҚР ҚК барлық жағынан да сапалы, қазіргі заманға сай және халықтың құрметіне ие болған армияға айналып үлгерді. Осының барлығы жүрегімізде ертеңгі күнге деген сенім ұялатады.

Осы бүгінгі салтанатты Ұлы Жеңіске 74 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Баршанызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт, құт-береке және тәуелсіз Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге мол табыстар тілеймін!

Келе жатқан қос мерекелеріміз құтты болсын ағайын!

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

әскери кафедрасының бастығы

генерал-майор Оразов Е.Ұ.


ENU.KZ — Құрметті ханымдар мен мырзалар!