Әдістемелік көмек көрсетті

2023 жылғы 6 наурызда Бекзат Прмантаева бастаған университеттің Білім сапасы орталығының өкілдері білім беру үдерісін ұйымдастырудың деңгейіне мониторинг жүргізу мақсатында әскери кафедрада болды.

Орталық өкілдері сапар барысында оқу процесін циклдарда ұйымдастыру деңгейін, профессор-оқытушылар құрамымен сабақ өткізу сапасын, сондай-ақ әскери кафедраның оқу-материалдық базасының қамтамасыз етілуін бағалады.

Айта кету керек, орталық өкілдері сабақтарды өткізу барысында студенттермен әңгімелесті және білім алушылардың жауаптарына қанағаттанды.

Сапар барысында қару-жарақ пен әскери техникасы бар бокстар қаралды, онда әскери кафедра оқытушылары БМП-2-де техникалық даярлық бойынша нормативтердің орындалуын, Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бөлшектеу және құрастыру, сондай-ақ атыс қаруын біркелкі көздеу мен одан оқ ату үшін КЯ-83 командирлік қорабын пайдалануды көрсетті.

Атыс дайындығы бойынша сабақтар орталық өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды, онда оларға электрондық атыс тирінің жұмысымен танысуға мүмкіндік берілді. Олардың көпшілігі Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын ату дәлдігінде өз қабілеттерін көрсетті.

Әскери кафедрада оқу процесін ұйымдастыру бойынша құжаттаманы тексеру маңызды мәселе болды. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты жоспарлау мен ұйымдастырудың сапасына көп көңіл бөлінді.

ПОҚ (профессорлық-оқутышылар құрамының) біліктілік деңгейі, оқытушылардың базалық білімінің атқаратын лауазымдарына сәйкестігі, әскери кафедраның ПОҚ біліктілігін арттыру бағдарламасының болуы және осы бағдарламаны орындау сапасының мәселелері жеке қаралды.

Орталық өкілдері оқу жұмыс бағдарламаларына, оқу процесінде заманауи интерактивті әдістерді қолдануға және әскери кафедраның материалдық-техникалық базасын жетілдіруге назар аударды.

Мониторинг барысында тексерушілер оқу процесін ұйымдастыруда және құжаттаманы ресімдеуде әдістемелік көмек көрсеткенін атап өткен жөн.

                                                                                                                                                                         Серік Қанапьянов,

                                                                                                                                              әскери кафедраның профессоры