Мемлекет басшысының әскери қызметтің беделін көтеру, тартымдылығын арттыру, жалпы жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда Қорғаныс министрлігі, жергілікті басқару органдары және жоғары оқу орындары бар бәрі бірлесе бірқатар жұмыстар атқаруда. Қазір жер-жерлерде, әсіресе Астанада әскерге шақырылушы жастарды Қарулы Күштер қатарына салтанатты түрде шығарып салу игі дәстүрге айналды.
Биыл «Ел қорғау–нағыз ерлердің ісі» акциясы Елордада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында өтті. Оған Астана қаласы мен Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, ЕҰУ әскери кафедрасының студеттері, мерзімді қызметін өткеріп жүрген жауынгерлер, әскери колледждің ұландары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері – барлығы бір жарым мыңға жуық адам қатысты.
Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жастарға Отан қорғаушы миссиясының маңызды екенін және осы абыройлы міндеттің қазіргі уақыттағы артықшылықтарын айтып берді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен өз сөзінде былай деді: — Елорда нағыз патриоттардың қаласы деп мақтанышпен айта аламыз. Бүкіл република бойынша кеңінен қанат жайып отырған «Жас сарбаз» қозғалысы осы Астанадан бастау алған болатын. Қазір қаламыздағы 99 мектеп пен 9 колледжде алғашқы әскери дайындық пәні бойынша 21 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың көбі осы шараға қатысып отыр. Былтыр Қарулы күштер қатарындағы мерзімді әскери қызметін атқаруға 2 мыңнан астам азамат аттанған еді. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп сенеміз. Жақында Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бес қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Алдағы уақытта да еліміздің қорғаныс қабылетін нығайту жолында еңбек ете береміз. Ал, әскерге аттанып бара жатқан жастарға айтарым – әскери антқа адал, сертке берік болыңдар!
Бұдан соң әскерге шақырылғандарды «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов құттықтап, ақ жол тіледі.
Аталған шара барысында шақырылған қонақтардың бірнешеуін сөзге татқан едік. Енді солардың пікіріне құлақ түрелік.
Астана қаласы Д.Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сейілхан Үйсінбеков:
- Біздің мектепте 2019 жылдан бері «Ақсұңқар» әскери-патриоттық клубы құрылып, содан бері түрлі іс-шаралар, ауған соғысы мен Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесулер, спорттық жарыстар өткізіліп келеді. Ондағы мақсат – өскелең ұрпаққа мектеп қабырғасынан бастап олардың болашақ Отан қорғаушылары екендіктерін ұғындыру, бойларына елге, жерге деген сүйіспеншілікті сіңіру.
Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Салтанат Меңлібаева:
-Бүгінгі шара ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі болып табылады. Немере, шөбере тәрбиелеп отырған әже ретінде де, еңбек ардагері ретінде де өскелең ұрпақтың құлағына елдің ертеңі сендерсіңдер деген түсінікті құюға тырысып келеміз. Өз басым бүгінгі әскерге шығарып салу рәсімінен керемет әсер алып шықтым. Жалпы осы шараны — атқа қонды, белін буды, азамат болды деген кең мағынада жақсы дәстүрге айналдыру керек, насихаттау керек. Біздің халықтың бесікке салу, тұсау кесер, тілашар сияқты әдемі дәстүрлерімен қатар жас жігітті әскерге аттандыру да өзінің лайықты орынын алады деп ойлаймын.
Аталған шараға қатысушылар «Аманат» рәсіміне куә болды. Әскери міндетін өтеп болған жауынгерлер әскер қатарына енді шақырылған жастарға абыроймен қызмет етуді, антқа адал болуды, азамат атына кір келтірмеуді аманат етіп тапсырды. Мұндай рәсім бүкіл Отан қорғаушы ұрпақтарының бірлігі мен сабақтастығын білдіреді.
Акция барысында елордалық десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері өздерінің кәсіби біліктілігін паш етіп, қоян-қолтық ұрыс түрлерінің үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ көпшілік назарына әскери техника, қару-жарақ пен жауынгерлік киімдердің көрмесі ұсынылды.
Жиналған қауым ҚР ҚК Орталық ансамблінің өнерпаздары орындаған отансүйгіштік рухтағы әндерді ерекше ықыласпен тыңдады.
Әбіш Смайылов, әскери кафедра оқытушысы