2023 жылдың 26 сәуірінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында «Қазіргі кезеңдегі азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери дайындық: оның тарихы, тенденциялары және даму перспективалары» тақырыбында жыл сайынғы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференция азаматтық жоғары оқу орындарында әскери дайындық бойынша тәжірибе алмасу, әскери дайындықтың теориясы мен тәжірибесін, педагогикалық қызмет пен әскери пәндерді оқыту әдістемесін дамыту мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, бұл ғылыми форум студенттердің оқу-ғылыми қызметке және болашақ мамандығына қызығушылығын арттыру, сонымен қатар дарынды жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту мақсатында ұйымдастырылды.
Халықаралық форумды әскери кафедра бастығы генерал-майор Еділ Оразов ашты. Ол өз сөзінде қазіргі уақытта өңірдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты әскери кафедрада студенттерді оқыту үдерісін жетілдіру қажеттігін атап өтті. «Жаңа сын-қатерлер еліміздің Қарулы Күштері үшін жұмылдыру резервін дайындауға әртүрлі көзқарастарды талап етеді», — деп атап өтілді баяндамада.
Одан әрі баяндамашы жиналғандардың назарын әскери кафедраның ұйымдық-штаттық құрылымында болуы мүмкін өзгерістер мәселесіне аударды. Конференцияға қатысушыларға әскери кафедраны Әскери даярлық институтына айналдыру перспективалары, оның артықшылықтары мен құру үшін қажетті жағдайлар туралы ақпарат берілді.
«Әскери кафедраның қазіргі құрылымы өткен ғасырда, 1934 жылы КСРО кезеңінде сол тұстағы саяси және әскери міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған.Ашығын айту керек, Қазақстан Республикасындағы қазіргі әскери дайындық КСРО кезеңінен мүлде бөлек. Сондықтан әскери кафедраны заманауи мәселелерді шешуге қажетті, жан-жақты ойластырылған Әскери дайындық институты етіп қайта құру ұсынылып отыр»,-деді баяндамашы.
Баяндама соңында генерал-майор Еділ Уразов сұрақтарға жауап беріп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Конференция модераторы келесі сөзді запастағы полковник Бақыт Қожахметовке беріп, ол «Жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында азаматтардың әскери даярлығын дамытудың перспективалық бағыттары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Онлайн режимде «Alikhan Bokeikhan University» әскери кафедрасының оқытушысы запастағы майор Талғат Жарықбасов «Білім беру процесінде студенттердің өзіндік оқу жұмысының рөлін арттыру арқылы әскери-техникалық даярлықтың сапасын жақсарту» тақырыбында сөз сөйледі.
Конференцияда барлығы 15 баяндамашы терең де мазмұнды баяндама жасап, азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери дайындықты жетілдірудің түрлі аспектілерін ашып көрсетті. Баяндамашылар конференцияға қатысушылар тарапынан қызу пікірталасқа ұласқан көптеген ұсыныстарды ортаға салды.
Әскери кафедраның аға оқытушысы, отставкадағы полковник Ербол Смағұловтың «Тәжікстандағы қазақстандық құрама бітімгершілік батальонының жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудегі тарихи рөлі» тақырыбындағы баяндамасы конференцияға қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол баяндамасында батальонның тарихи міндетіне тоқталып, сарбаздардың ел абыройы мен беделіне дақ түсірмей, өздеріне жүктелген жауынгерлік тапсырманы сәтті орындағанын айтты.
Ол сөзінің соңында Астана қаласында 1993-2001 жылдары Тәжікстанда қазақстандық жеке құрама батальоны сапында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған мемориалдық кешен құру туралы ұсыныс жасады. Бұл мәселені шешу үшін ҚР Қорғаныс министрлігіне хат жолданғанын да атап өтті.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция азаматтық жоғары оқу орындарында әскери дайындықтың заманауи жүйесін дамыту перспективалары туралы пікір алмасу алаңына айналды. Мұндай тәжірибе алмасу мен пікірталаста үнемі жаңа идеялар туады. Конференция оған қатысушыларды одан әрі жемісті жұмыс істеуге, ғылыми зерттеулерге және идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға ынталандырды.
Серік Қанапьянов,
ЕҰУ әскери кафедрасының профессоры