Биыл Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Кеңес Одағының да көрнекті әскери қолбасшысы, еліміздің тұнғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтуде.
Бүгін Еуразия Ұлттық Университетінің бас ғимаратында батырдың Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін құруға қосқан үлесі мен өмір жолына арналған бас қосу болып өтті.
Студенттермен кездесуді дәріс түрінде ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің тарихшы-ғалымдар өткізді. Әскери ғалымдардың баяндамасынан жастар меретой иесінің ерлік жолы туралы көптеген мағлұматтар алды.
Ол он сегіз жасында Ұлы Отан соғысы басталысымен қайта-қайта сұранып жүріп, Түркіменстанның Кушка қаласындағы Бірінші Түркістандық пулеметшілер училищесін бітіріп, 1943 жылы 26 сәуірінде лейтенант шенінде майданға аттанады.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда қолбасшылық тапсырмаларын үлгілі орындағаны және осы ретте танытқан ерлігі мен батырлығы үшін ҚСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығымен капитан С.Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» медалі мен Ленин ордені қоса табыс етеді.
Соғыстан соң Сағадат батыр бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнап, әскер қатарында жоғары қолбасшылық қызметтерді абыроймен атқарған.
Кейін Кеңестер Одағы ыдыраған тұста, 1992 жылы 7 мамырда ҚР Қарулы Күштері құрылып, еліміздің тұңғыш Қорғаныс Министрі болып Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы) Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалады.
Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі өзіне жүктелген жауапты міндеттердің бәрін абыроймен атқарып, Қазақстан армиясының іргетасын қалап, негізін қалыптастырды. Сол ерен еңбегі үшін 1994 жылғы 23 мамырда С.Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы берілген болатын.
Дәріс барысында, Еуразия Ұлттық университеті әскери кафедрасының басшысы генерал-майор Еділ Оразов көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған тұлға туралы естелігімен бөлісіп, оның жарқын бейнесі жайлы әңгімелеп берді.
Ол Сағадат батырдың өнегелі өмірі өскелең ұрпақ үшін әрдайым үліг болып қала бермек деп сөзін аяқтады.
Әйкерім Жұмаділова,
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ
әскери кафедрасының студенті