Ұлы Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күніне орай құрмет

3 мамыр күні Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр — Жеңіс күні және Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған салтанатты шара болып өтті.

Аталған шараға Еуразия ұлттық университетінің басшылығы, Сағадат Нұрмағамбетовтің «шинелінен шыққан» генералдар мен адмиралдар, әскери кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы, болашақ запастағы офицерлер қатысты.
Жиын басында ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай сөз сөйлеп, жиналған қауымды төл меркелерімен құттықтап, Отан қорғау ісінде толағай табыстар тіледі.

 

ЕҰУ әскери кафедра бастығы, генерал-майор Еділ Оразов өз кезегінде: «Қай заманда да Отан қорғау абыройлы міндет, қасиетті борыш болып саналған. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің қатар келіу тегін емес, ол символдық мәнге ие. Биыл оған ел қорғанысын нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойы қосылып отыр. Қазақстан Қарулы Күштерінің бастапқы кезеңінде тұңғыш министрдің қол астында қызмет еткен бір топ ардагерлер бүгін бізде қонаққа келді. Олардың өскелең ұрпаққа айтар өнегелі, ғибратты әңгімесі мол деп есептеймін».

Содан кейін мінбеге шыққан генерал-майор Әлихан Жарболов, генерал-майор Геннадий Носоновский, контр-адмирал Ратмир Комратовтар тарихи тұлға туралы тереңнен сөз қозғады. Олар Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің қолбасшылық қабілетінен бөлек адамдық келбеті, қатардағы жауынгерлерге деген әкелік қамқорлығы туралы естеліктерімен бөлісті.
«Қазақстан 1992 жылы 7 мамырында Қарулы Күштер құрылғанда, көптеген қиындықтар болды. Офицерлердің көбісі өздерінің тарихи отандарына — Ресей, Украина, Белоруссияға орала бастады. Соның нәтижесінде елімізде әскери мамандардың жетіспеушілігі пайда болды. Тұңғыш министрдің көреген кадр саясатының арқасында қысқа мерзімде бұл мәселе өз шешімін тауып, бүгінде офицерлердің жаңа буыны қалыптасты»,-деді генерал-майор Ә.Жарболов.
Генерал-майор Г.Носоновский болса С. Нұрмағамбетов айтып кеткен бірнеше қағидаттармен бөлісті. Даңқты батырдың соңында «Бірінші– өз сарбаздарынды құрметте, оларды бағалай біл, екінші – қару-жарақ пен әскери техникаға дұрыс қара, үнемі баптап ұста» деген қанатты сөз қалған көрінеді.

 

Сонымен қатар мерекелік жиында өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарған әскери кафедра оқытушылары — полковник Бауыржан Алдаберген мен полковник Владимир Машинецкий мақтау қағаздарымен марапатталды.
Іс-шараның соңына қарай болашақ офицерлер салтанатты шерумен жүріп өтті.


Ал Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты концерт өтті.
Цифрландыру жөніндегі проректор — жоғары оқу орнының цифрлық офицері Гүлмира Бекманова ЕҰУ ер азаматтарын құттықтауын оқыды:
«Университеттің әйелдер ұжымы атынан өз үлгісімен бізді ғылымда, оқуда және күнделікті өмірде ерлікке шабыттандыратын ЖОО-ның барлық ер адамдарына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің батылдықтарыңыз бен шешімдеріңіз – біздің студенттер үшін, біз үшін үлгі. Сіздердің міндетке деген адалдықтарыңыз біздің жалпы қауіпсіздігіміздің негізі болып табылады. Бұл күні біз сіздерді Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймыз және зор денсаулық, отбасылық жылулық, амандық тілейміз!»

 

Қалыптасқан дәстүр бойынша университет қызметкерлері өздерінің вокалдық және хореографиялық қабілеттері мен таланттарын көрсетті.

Көрермендер көптеген әдемі орындалған әндерді естіп және жарқын, қызықты қойлымдарды тамашалады.

     
Мерекелік концерттің соңында естелік суретке түсу рәсімі өтті.

   

Мәлика Исмағұлова,
ЕҰУ  әскери кафедрасының студенті