Құрметті қонақты қарсы алып, кездесуді кіріспе сөзбен ашқан Еуразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасының басшысы генерал-майор Еділ Оразов былай деді: «Бүгінгі жүздесу болашақ әскери журналистердің естерінде ең бір елеулі оқиға ретінде жатталып қалады деген үміттемін. Өйткені төл Қарулы Күштеріміздің шежіресін ширек ғасырдан астам уақыт жазып, қаламын әлі де серік етіп келе жатқан Сапарғали Нұрдәулетұлының өмірі мен шығармашылық жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылады». Содан кейін әскери журналистика аудиториясындағы дөңгелек үстелдің басында ашық жарқын әңгіменің тиегі ағытылды. Кафедра қонағы өзінің әскери журналист ретінде алғашқы қадамын қалай бастағанын, жалпы әскери қызметтің қиындықтары мен қызықтары туралы баяндап берді. Студенттер тарапынан ардагерге көптеген сұрақтар қойылды. Сапарғали атамыз ол сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп қана қоймай, өзінің әскери өмірінде орын алған түрлі оқиғаларды мысал ретінде келтіріп отырды. «Әрбір әскери журналистің бойында жігерлілік қасиет болуы керек. Кез келген нәрсе талпынысты, ізденісті талап етеді, себебі журналист болу, өз кезегінде, білімге, өмірде деген құштарлық сонымен қатар, журналистің қаруы – оның қаламы екенін ұмытпаңдар. Сөзбен адамды өсіруге де, өшіруге де болады. Болашақ әріптестеріме айтатын өсиетім, мейірімді болыңдар, адамның адамға деген жылы қарым-қатынасына ештеңе жетпейді», — деп әңгімесін аяқтады. Бұл сөздерді ардагер журналистің бізге берген ақ батасы деп түсіндік. Бүгінгі күн біздің жадымызда ұзақ уақыт сақталады және аға ұрпақ өкілінің өсиетіне адал боламыз деп үміттенеміз.