Әскери журналистиканың ардагерімен ғибратты кездесу

Үстіміздегі жылдың 7-ші қарашасы күні отставкадағы полковник, қазақ әскери журналистикасынның ақсақалы Сапарғали Жағыпаров Еуразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасында қонақта болды. Бұл кездесуге әскери журналистика мамандығы бойынша оқып жүрген 1-ші және 2-ші курстың студенттері мен олардың кураторлары отставкадағы майор Дана Турсумбаева мен запастағы подполковник Бауыржан Теміржанов тыңғылықты дайындалды. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында еліміздегі ең бірінші әскери журналист ретінде танылған, өзіннің қаламын қару етіп, сарбаздардың, әскерлердің өмірі, жетістіктері мен қиындықтары туралы өзінің мақалаларында, очерктерінде баяндаған полковник Сапарғали Жағыпаровты болашақ журналистер асыға күтті. Қаламгердің Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов туралы және де басқа соғыс ардагерлері жайлы мақалаларын қызыға оқығанбыз. Енді міне, сыртынан атына қанық әскери журналистпен жүзбе жүз кездескелі отырмыз.

            Құрметті қонақты қарсы алып, кездесуді кіріспе сөзбен ашқан Еуразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасының басшысы генерал-майор Еділ Оразов былай деді: «Бүгінгі жүздесу болашақ әскери журналистердің естерінде ең бір елеулі оқиға ретінде жатталып қалады деген үміттемін. Өйткені төл Қарулы Күштеріміздің шежіресін ширек ғасырдан астам уақыт жазып, қаламын әлі де серік етіп келе жатқан Сапарғали Нұрдәулетұлының өмірі мен шығармашылық жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылады».           Содан кейін әскери журналистика аудиториясындағы дөңгелек үстелдің басында ашық жарқын әңгіменің тиегі ағытылды. Кафедра қонағы өзінің әскери журналист ретінде алғашқы қадамын қалай бастағанын, жалпы әскери қызметтің қиындықтары мен қызықтары туралы баяндап берді. Студенттер тарапынан ардагерге көптеген сұрақтар қойылды. Сапарғали атамыз ол сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп қана қоймай, өзінің әскери өмірінде орын алған түрлі оқиғаларды мысал ретінде келтіріп отырды. «Әрбір әскери журналистің бойында жігерлілік қасиет болуы керек. Кез келген нәрсе талпынысты, ізденісті талап етеді, себебі журналист болу, өз кезегінде, білімге, өмірде деген құштарлық сонымен қатар, журналистің қаруы – оның қаламы екенін ұмытпаңдар. Сөзбен адамды өсіруге де, өшіруге де болады. Болашақ әріптестеріме айтатын өсиетім, мейірімді болыңдар, адамның адамға деген жылы қарым-қатынасына ештеңе жетпейді», – деп әңгімесін аяқтады. Бұл сөздерді ардагер журналистің бізге берген ақ батасы деп түсіндік. Бүгінгі күн біздің жадымызда ұзақ уақыт сақталады және аға ұрпақ өкілінің өсиетіне адал боламыз деп үміттенеміз.

Мәлика Исмағұлова, ЕҰУ әскери кафедрасының студенті