Л. Гумилёв атындағы ЕҰУ студенттері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға белсенді қатысуда.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Еуропадағы Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақстандық партизандарға арналған «Олар Еуропа жолымен жүрді» атты көрменің ашылуы өтті.
Экспозицияның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Робер Аземанн, «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нагуманов қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің әскери кафедрасының студенттері де белсенді қатысты.
«Біз, Жеңімпаздардың ұрпақтары, соғыста шайқасып, Жеңіске жетіп, бізге бейбіт өмір, білім алу және Отанымыздың игілігі үшін еңбек ету мүмкіндігін сыйлаған батырларды есте сақтауымыз өте маңызды. Сондықтан 9 мамыр – біз үшін ең басты мерекелердің бірі болып қала береді», – деп өз пікірімен бөлісті студент Абылай Қадыр.
Көрмеде партизандық жасақтар құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлердің жеке заттары, құжаттары мен фотосуреттері ұсынылған. Экспонаттар қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі америкалық радиопередатқыш, трофейлік далалық телефон мен телеграф кілті, Францияның оңтүстігін азат ету шайқастарына Кеңес партизандық полкінің құрамында қатысқан Абиболла Қойшыбаевтың куәлігінің көшірмесі, сондай-ақ француздың «Defense de la France» газетінің қиындысы бар.
Айта кетейік, Қазақстанда, соның ішінде Л. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Қазақстандықтар нацизмді жеңуге қомақты үлес қосты. Біздің ата-бабаларымыз барлық майдандарда ерлікпен шайқасты, ал Қазақстан сенімді тыл ретінде армияны қару-жарақпен, өнеркәсіптік өнімдермен және азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды», – деп атап өтті.
Студенттер:
Айша Заманбекова
Марғұлан Есенбай